Қазіргі таңда қаламызда жалындаған жастардың басын қосатын «Жайдарман» ойыны қарқынды түрде дамып жатқаны рас. «Жайдарман» бұл жастарды жан-жақты шығармашылық пен танымдық қабілеттерін дамытып қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелерді әдемі әзілмен астарлап жеткізу бағытында ұйымдастырылған ойындардың бірі. Аталмыш іс-шара Рудный индустриалдық институтында өз жалғасын тапты.
Рудный қалалық ішкі саясат бөлімі мен «Жастар» ЖҚБ қолдауымен 10-қараша күні «РИИ лигасының» финалдық ойыны өткізілді. Бұл ойынға 15 команда өтініш білдіріп, тек финалға 5 команда жолдама алған. Олар: «Армандастар», «Ауыл жігіттері», «Болашақ», «Техас» және «Жас сарбаздар» командалары өзара мықтыны анықтады.
Атап айтсақ, Рудный қаласы әкімдігінің «№19 орта мектебінің» намысын «Техас» жайдарман командасы қорғады. Топ жетекшісі – Тимур Дуйсенбаев пен Абзал Айтқұл. Команда мүшелері 6-7 сынып оқушылары, құрылғанына небәрі 2 жыл болғанымен қалалық, облыстық сайыстарда көптеген жетістіктерге жетіп келе жатыр. Финалдық ойында да, ұтымды әзілдерімен көзге түсіп, өздерін бар қырларынан көрсете біліп жеңімпаз атанды.
Қызықты да тартысты өткен сайыс қала тұрғындарына керемет көңіл күй сыйлады. Ойын нәтижесінде І-орын «Техас», ІІ – «Армандастар», ІІІ-орын – «Жас сарбаздар» иеленді. Сонымен қатар, «Жыл жаңалығы» номинациясын – «Ауыл жігіттері», «Үздік әзіл» — «Болашақ» құрамасы иеленді. Ал, «Үздік ойыншы» номинациясы бойынша «Техас» құрамасының мүшесі Жарылқасын Мақсат иеленді.