Мұғалім — мектептің жүрегі. Әр адам баласын білімге шақырып, тәрбиелеп өсірген мұғалімдердің еңбегі ешқашан өлмейді. Алайда заман дамыған сайын тек шәкірттің қабілетіне қарай талап қоймайды, ендігі жерде мұғалімдердің де әдістемелік әлемін өзгертпек. Ол қалай? ХХІ ғасыр білім мен ғылымның ғасыры, сондықтан адам баласы бір саланың ғана маманы болып қалмау керек. Яғни сіз әмбебап болуыңыз керек. Бұл талап мұғалімдер қауымына да қатысты. Сонымен ХХІ ғасырдың мұғалімі қандай болу керек? 1. Тәуекелшіл Жаңа ғасырдың мұғалімі кез келген ауыртпалықты өзіне қабылдай отырып, тәуекелге баруға дайын болу керек. Оның бойындағы осынау қасиеті өзгелерге үлгі болады. Мұғалім ұғымының өзі өзгеге үлгі болуға үйретеді. 2. Психолог Мұғалім тек білім беріп қана қоймай, алдында отырған әр шәкірттің психологиясын зерттеу керек. Топтан бөлек, әр шәкіртпен жеке-жеке жұмыс жасау басты талап. Өйткені әркімнің қабілеті әртүрлі. Ал топтық жұмыс кезінде бірін кем, бірін артық көрмегені абзал. 3. Білікті педагог Педагог сөзінің өзі тәрбие мен ұстаз ұғымына етене жақын. Бірақ мұғалімнің өзі білікті әрі сауатты педагог болғаны дұрыс. Шәкіртке түрлі әдістер арқылы тәрбие беру, білім суымен сусындату ең маңызды дүние. 4. Көшбасшы Бүгінгі таңда мұғалімдерге тек қана сабақ беріп, лекция оқумен шектелуі шәкіртті қанағаттандыра алмайды. Мұғалім өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен қоса сол ортада көшбасшы бола білу керек. Қоғамды соңынан ертуге қауқарлы, ісіне берік әрі тиянақты болғаны жөн. Көштің басын бастау әрине қиын, дегенмен бұл жаңа дамыған дәуірдің талабы. 5. Заманауи технологияны игреу Классикалық кітаптың, қалам мен қағаздың дәурені өтіп бара жатқаны шындық. Дегенмен кітаптың құндылығын айта отырып, оған шәкіртті қызықтыру үшін бүгінгі мұғалімнің басты мақсаты заманауи инфрақұрылымдарды, техниканы меңгеру керек. Соның ішінде компьютердің ішкі жүйесін, офистік бағдарламаларды, электронды тақталарды игеру арқылы жаңа заманға бейім жастардың көңілін алдандыра да, сабақты қызықты өткізе де алады. 6. Рухани бай болу керек Қай елдің болмасын мұғалім дәрежесін көтеріп жүрген жан рухани құндылыққа бай болу керек. Ол сол елдің ұлттық болмысы мен табиғатын бала бойына терең сіңіруге, отансүйгіштікке тәрбиелеуге таптырмас құрал. Ұстаздың жан дүниесі рухани тәлімге толы болса, шәкірттің де одан алар ілімі далаға кетпек емес. 7. Әмбебап мұғалім ХХІ ғасырдың кез келген адам баласына қояр талабы осы. Дегенмен әрбір адамға қалам ұстатып, әріп үйретуші мұғалімнің әмбебап болуы әлдеқайда маңыздырақ. Мұғалімнің әмбебаптығы жан-жақты білімді, білікті, тартысқа түссе тарпаңдап шығып, додаға түссе бәйгені бермес, шәкіртке түрлі әдістемелік құралдар арқылы жағдай жасаса онда ол бір ғана мұғалімнің емес, бір мектептің, бір елдің абыройы болар еді. 8. Интеллигент Мұғалімнің тағы бір қыры өзін ұстауы, киім киісі, жүзінің жарқын бейнесіне дейін көрініп тұруы керек. Әрбір сөзге сауатты, әрбір ісіне жауапты мәдениетті, интелегентті тұлға болуы керек. Өйткені қазір қоғамда жастар әр әрекеттен үлгі алуға асығады. Ал көзін ашқан күннен бастап, үлкен өмірге қадам басқанға дейінгі үлгі тұтары — мұғалім. Ендеше оның интеллектуалды қабілеті аса маңызды. Саннан сапаға сапар шегу жолындағы мұғалімнің жаңа ғасырға берер жауабы дайын болу керек. Өйткені талабы күшті қоғамның ағысы қатты. Ал сол ағысқа қарсы шәкіртті дайындау тағы да мұғалімнің еңбегі.