ҰБТ. Айтулы күн жақындаған сайын мектеп бітіруші баланың ұйқысы қашып, мазасызданатыны рас. Ең алдымен олар мектеп, ата-ана және өзінің абыройын ойлайды. Осыған дейін тер төгіп дайындалған еңбегінің еш кеткенін қаламайды. Оның үстіне кей ата-ана баласына тым жоғары талап қояды. Психолог мамандардың айтуынша, бұл дұрыс емес. Жоғары талап – баланы ауыр күйзеліске ұшыратып, суицидке жол ашады дегенді жиі айтып жүр. Мұндайда психологтың кеңесі тек балаға емес, ата-аналар үшін де маңызды.
Күйзелістің алдын алу мен одан шығудың амал-әрекетін зерттеуде психология ғылымдарының докторы, профессор Ардақ Ерментаева, «психологиялық кеңес алдымен балаға емес, ата-анаға қажет» дейді. Ең алдымен ата-ана жауапкершіліктің бәрін ұл-қызына артып қоймай, болашақтың барлығы да сынақтың нәтижесіне байланысты емес екендігін айтып, оған сендіруі керек. Ата-анасына сенген баланың қорқынышы да сейіледі. Әрдайым оны қолдап, таңдаған мамандығы бойынша міндетті түрде оқуға түсетінін жиі айтып отырғаны жөн.
Әрине, тек ҰБТ емес, жалпы кез келген сынақ күйзеліспен, қорқынышпен, үреймен байланысты. Әр адам өз даралығымен ерекшеленеді. Сондықтан, баршаға психологиялық көмек боларлықтай бір ортақ кеңес беру, психотехнологияны баяндау мүмкін емес. Дегенмен ҰБТ-да табысқа жетуде тиімді болатын кейбір жалпылық сипаттағы психологиялық мәселелерге тоқталайық.
1. Оқушы, ата-ана, мұғалім ҰБТ -дан күтілетін нәтижеге байланысты өздерінің күмәнді, жағымсыз ойларын өзгертіп, жақсылыққа, қуанышқа бағдарланған ойларға бойларын үйрету керек. Мысалы, оқушы: «тест тапсырмалары дұрыс құрылмайды», «барлық материалды дайындап үлгере алмаймын»; ата-ана: «осыны кім шығарды екен?», «бұрынғы кезде жақсы еді», «балам шаршап, қиналатын болды»; мұғалім: «бұл бала ҰБТ-дан қалай өтеді?», «менің пәнімді емес, басқаны неге таңдамайсың?» деген ойлар мен ұстанымдарынан арылуы керек. Мұндай ойларын іштей ауыздықтағаны дұрыс. Есесіне, оқушы «мен тырысып, еңбектенемін»; ата-ана: «бұл баршаға қойылатын талап қой», мұғалім: «мен көмекке әрқашан дайынмын» деген сияқты ерік-жігерге тосқауыл болмайтын ниет-тілекте болғаны абзал. Себебі адам бір нәрсеге теріс баға берсе, соған қатысты оның жан дүниесін жағымсыз эмоция жайлап алады. Жағымсыз эмоция — зияткерліктің танылуына, есте сақтауға, зейінді шоғырландыруға, тіпті тест тапсырмаларының мазмұнын түсінуге үлкен кедергі келтіреді.
2. 2012 жылғы ҰБТ есіңізде ме? Республикалық БАҚ өкілдері сынақ кезіндегі келеңсіздіктерді тым көп мәлімдеді ғой. Әсіресе «Алтын белгіден» үміткер бір қыздың «1 балы жетпей қалды» деп анасының қатты күйзеліп, айқай шығарғанын бір емес, бірнеше рет көрсеткен-ді. Ересектердің мұндай қылықтары балаларды жаңсақ сенімге, терең күйзеліске ұрындырады. Сондықтан ҰБТ кезінде, дайындық барысында ата-анадан мейірім, шыдамдылық, төзімділік, балаларын кез келген сәтте қолдай алатындай парасат керек. Себебі ҰБТ – өмірдегі бір ғана баспалдақ, ол бала өмірінен, денсаулығынан артық маңызға ие бола алмайды. Бір жолғы сәтсіздік келесі дамуға бастау болатынын ұмытпау керек. Яғни биыл болмаса, келесі жылы еңбектеніп, мақсатқа қол жеткізуге әрқашан мүмкіндік болады.
3. ҰБТ тапсыратын жерде кейде оқушылардан оларды ертіп келген «жанкүйерлер» көп болады. Сөз жоқ, мұндай сәтте баланы қолдау, тірек болу керек-ақ. Бірақ ата-ананың көбі осы қолдаудың, тірек болудың мағынасын басқаша ұғатын сияқты. Байқап тұрсаңыз, сондай сәттерде кейбірі «не болар екенбіз?» деп аһілеп-уһілеп, кейбірі «қайтсең де нәтиже көрсет» деп қайрап жатады. Бірақ ҰБТ тапсырғалы, кіргелі тұрған балаға ешқашан үлкен жауапкершілік артуға, аяушылық танытып, көңілін босатуға немесе «сөйт-бүйт» деп кеңес айтуға болмайды. Керісінше, баланы «біз неге болса да дайынбыз», «біз сені әрқашан жақсы көреміз» деген сияқты оптимизм, жақсы көру сезімін танытатын, сабырлылыққа шақыратын сөздермен қоштау керек.
4. ҰБТ тапсыруға психологиялық даярлықты оқушылардың өз уақыттарын дұрыс пайдаланулары да анықтайды. Оның өзінде әрбір 30 минуттан кейін үзіліс жасап, дем алған жөн. Бірақ бұл үзіліс 3-5 минут қана болуы керек. Ал әрбір екі сағаттан соң 20-30 минуттық үзіліс жасау керек. Жалпы, тестке күніне 6-8 сағат дайындалған жөн. Үзіліс кезінде теледидар көру, музыка тыңдау, агентте отыру дұрыс емес. Бұл кезде қозғалыс, қимыл қажет. Сонымен қатар тестке даярлық кезінде бала әдеттегіден 1-2 сағат ұзағырақ ұйықтағаны дұрыс болады. Баланың уақытымен тамақтанып, дем алуы керек.
5. Балаға «ұйқы ашуға жақсы» деп, кофе, шай беруге болмайды. Сынаққа дайындалып жүрген балалардың жүйке жүйесінде қозу процесі өзінен-өзі аса жоғары болады. Оның үстіне ащы немесе көп мөлшердегі кофе, шай бұл процесті одан сайын арттырып жібереді. Соның нәтижесінде зейін тұрақсыз, шашыраңқы болып, бала материалға зейін қоя алмай, оның дайындығына зияны тиеді.
6. ҰБТ тапсыруға қалай дайындалу керек? Ең алдымен, бір рет оқып қоя салғаннан материалдың ұмытылып қалатынын білу керек! Материалды бір рет оқып алған соң, 10-20 минуттан кейін оны тағы бір рет оқып шығу керек. Одан кейін, 4-5 сағаттан соң есте қалғанды жазып, сызып, бейнелеу керек. Тағы бір рет бір-екі сөткеден кейін оқып шығу керек. Сонда әр материалды үш реттен қарастыру ұзақ мерзімді еске сақтауға мүмкіндік береді.
7. Егер, бала дайындық барысында тұйықталып, көңіл күйі болмай, жиі жылап, мазасы кетіп жүрсе, психолог маманның кеңесіне жүгіну керек. Адам үшін ең жоғары құндылық – өз өмірі мен денсаулығы
8. ҰБТ кезінде тест тапсырмаларын бір қарап шығып, өте жақсы білетіндерді бірінші орындаған дұрыс. Қиындық туғызған тест тапсырмаларының жауаптарын соңына дейін мұқият оқу керек. Бірақ олардың арасынан бірінші кезекте дұрыс жауапты іздемеу керек. Алдымен, дұрыс емес жауаптарды анықтап алу керек, соңында дұрыс-ау дегені қалады. Сонда дұрыс жауап беруге мүмкіндік артады.
9. Тест тапсыру кезінде қасыңдағы балалармен ешқандай қарым-қатынас болмауы керек. Ол өзіңе де оларға да пайдалы бола қоймас. «Ерте бітіп қойдым» деп, уақыттан бұрын шығып кеткенше, тест жауаптарын ең соңында тағы бір оқып, қарап шығу керек. Сынаққа дайындалуда, сынақ кезінде тыныштандыратын немесе белсенділікті арттыратын дәрі ішуге болмайды. Бұл әрекет теріс нәтиже беруі мүмкін.
10. Жалпы сынақтан әр кезде білімділер мен психологиялық даярлығы жоғары оқушылар өтеді. Сондықтан ҰБТ кезінде барынша ерік-күш жұмсап оқу керек. Бірақ тым жоғары мақсат қойып, өзіңе артық үміт артуға болмайды.